"Ақтөбе облыстық есту және көру қабілетінде бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы "мектеп-интернат-колледж" кешені" КММ кітапханашысы Л.С. Бултекованың ұйымдастыруымен  С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері А.Төлегенова, Л.Сұлтанбекова, А.Бекжан "Оқуға құштар мектеп " жобасы аясында "КІТАП ОҚЫ, ЗЕЙІН АШ" атты оқырман конференциясын өткізді. Оқушыларға білімнің кітап арқылы берілетінін ұғындыру, кітаптың адам өміріндегі маңызын, ғылым мен білімінің пайдасын түсіндіру және оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, оны күтіп ұстауға тәрбиелеу мақсатында өткен шара барысында кітапхана қызметкерлері сурдо-аудармашы Н.С. Камилованың көмегімен оқушыларға сөзжұмбақтар шешкізді. Оқушылар тақтамен жұмыс жасап, әріптерден сөздер құрады, қойылған сұрақтарға барлығы белсенді жауап беріп отырды. "Қиқар піл"ертегісін балалар кезекпен өздері жарыса қол қимылдарымен, ым- ишарамен оқып тамашалады. Кең көлемде, мазмұнды дайындалған кітап көрмесімен танысқан балалар "Сөйлейтін қалам" атты кітаппен жұмыс жасады. "Қарлығаштың құйрығы неге айыр?" атты көлеңкелі қойылым ертегісін оқушылар қызыға тамашалады.

Шара соңында С.Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері қатысқан барлық оқушыларға балаларға арналған журналдарды сыйға тартты. Педагогтар кітапхана ұжымына алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді.
Кітап адам өмірінде аса маңызды рөл атқарады. Кітап елді сүюге, талапты, кішіпейіл болуға, мейірімділікке, төзімділікке баулиды. Кітап жаман әдеттерден аулақ болуға шақырады. Сондықтан, үнемі кітап оқып, зейінімізді ашайық!