Тәуелсіз ел атанып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы – ұстаз мойнына артылған міндет. Осы міндетті абыроймен атқарып келе жатқан Каримова Айсауле Урнбасаровна – Ақтөбе облыстық есту және көру қабілетінде бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы «мектеп-интернат-колледж» кешеніндегі еңбек жолы ел тәуелсіздігімен қатар өніп келе жатқан ұстаз. Физика-математика пәнінің мұғалімі, барды бағалап, айналасындағы жандармен қарым-қатынасында да жоғары адамгершілік көрсете білетін, өз жұмысына, бала тәрбиесіне жаны ашып, асқан жауапкершілікпен қарай білетін, адал да шынайы, өз ісіне жауапты ұстаздардың бірі. Шәкірт бойына білімге шексіз құштарлық дәнін себу – ұстаз қызметінің тағылымды өлшемі, ізденіс нәтижесі деп білетін Айсауле Урнбасаровнаның оқушылары – жыл сайын есту қабілеті бұзылған балалар арасында өтетін «Родник знаний» халықаралық олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Білікті маман ретінде облыстық, республикалық конференция, семинарларға қатысып, іс-тәжірибесімен бөліскені үшін облыстық білім басқармасы, ғылыми-тәжірибелік орталығының Алғыс хаттарымен марапатталды.