Ақтөбе облысы, Жайсаң ауылында саңырау балаларға арналған мектеп-интернат есігін айқара ашқанына биыл 50 жыл толды.

 

Қиындықтар мен жеңіс жолдары арқылы жарқын болашаққа деген талпыныс пен сенімге толы жарты ғасырлық уақыт өтті. 1986 жылы ашылған мектеп алғашында құрылыс-монтаж мекемесінің ғимаратында орналасты, ал 1970 жылы бұрынғы балалар үйінің ғимаратына көшірілді.  Мектептің ұйымдастырушысы Тәңірберген Боранбайұлы Боранбаев болса, алғашқы басшысы Анна Павловна Бренюк болатын. Мүмкіндігі шектеулі балалар Гурьев, Қызылорда және Қазақстанның басқа аймақтарынан жинақталды.

 

  1. 1982 жылы саңырау балалар мектебінің директорлық қызметіне Қайнеш Құмарұлы Аманжуров тағайындалды. Жауапкершілігі мол еңбекқор басшы әдістемелік жұмысқа ерекше көңіл бөлді. Есту қабілетін дамыту кабинеттері жабдықтала бастады.  Оқушыларға жеке есту аппараттары беріліп, сөйлеу тілін қалыптастыру және есту қабілетін дамыту жұмыстары жаңа деңгейге көтерілді. осы жылдары мектептің материалдық техникалық базасын күшейтуге директордың шаруашылық істер жөніндегі орынбасары Б.Д.Ниязов көп еңбегін сіңірді.

 

  1. 1988 жылы мектеп Ақтөбе қаласындағы жаңа ғимаратқа көшірілді. Жаңа типті мектеп ғимаратының кең кластары, жарық асханасы, арнаулы аппараттармен жабдықталған кабинеттер, шеберханалар, дәрігер бөлмелері, кең спорт залы, жылы тұрмыстық бөлмелер, мектепке дейінгі топтар бөлмелері мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамға бейімделуіне жол ашты. 1991 жылы Қ,Қ.Аманжуровтың бастамасымен ҚР-да мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында қазақ тілінде оқытатын кластар ашылды. Бұл жұмысты 1995 жылдан басшы болған Бақыт Бақытжанқызы Тукенова жалғастырды.

 

  1. 2014 жылы директор Т.Ғ.Буриннің бастамасымен мектеп есту қабілеті бұзылған балалар мектеп-интернат-колледжі статусына ие болды. Оқушылар 10-кластан кейін «шаштараз-модельер» және «тігінші» мамандықтары бойынша білім жалғастырып, мемлекеттік үлгідегі дипломмен сүйікті істерімен айналысуда.

 

  1. Қазіргі таңда мектептегі екі мектепке дейінгі топ, 21 класс комплекті және 2 колледж тобында есту қабілеті бұзылған балалар білім алуда.   Кластар арнайы дыбыс күшейткіш аппаратурасымен,   есту қабілетін дамыту және  дыбыстардың айтылуын қалыптастыру пәнінен жеке сабақтар үшін  логопедиялық тренажермен жабдықталған. Информатика кабинеті интернет жүйесіне қосылған,сенсорлық бөлме, 2016 ж. балалар ойын алаңы ашылды.

 

  1. Мемлекеттің үштілділік жобасын жүзеге асыру аясында мектепте ағылшын тілін оқыту қолға алынды, мектепішілік шараларды үш тілде өткізіліп тұрады.
  2.  Тәрбиеленушілердің әрқайсысы сүйікті істерімен айтналысуда, облыс, республика көлеміне танылуда. Бейнелеу өнері, қолданбалы қолөнер  шығармашылығынан облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегерлері атанып, ұстаздардың еңбектерін ақтап жүр. Хореографиялық «Аяулым», «Балдаурен» топтарының аты республикаға аян.  Жыл сайын қол қимылы әдісімен ән айту шеберліктері артып, өнерпаз оқушылар үлкен сахнада Қазақстан жұлдыздарымен бірге өнер көрсетіп жүргені – толассыз еңбектің жемісі.

 

  1. Мектептің спорт өмірі ерекше құрметке лайықты. Жеңіл атлетика, күрес, волейбол, футболмен қатар, асық ату, тоғызқұмалақ үйірмелеріне оқушылар қызығушылықпен қатысады. Бірнеше республикалық жарыстардың жеңімпаздары атанды. мектеп тарихында елеулі орын алатын ұлағатты ұстаз Қуаныш Зейнулұлының мектебіміздегі спорт мәдениетін көтерудегі еңбегі ұшан-теңіз.

 

  1.  1000-нан аса түлектердің  мектепке деген ерекше ықыласы, сағынышы жүрек түбінде сақтаулы.  Себебі, мектеп оларды тек біліммен сусындатып қана қоймай,  өмірдің асау толқындары арасынан адаспай шығуға үйретті, үлкен өмірге араласуға жолдама берді. Мектеп түлектері  мақтануға тұрарлық, олардың арасында суретшілер, бишілер, кәсіпкерлер, спортшылар бар. Ең бастысы, олар – өмірден өз орындарын тапқан қоғамның белді мүшелері.

 

  1. Мектептің ашылған сәттен бастап-ақ негізгі бағыты оқушыларды әлеуметтендіру болатын. Білікті мамандардың толассыз еңбегінің нәтижесінде жинақталған тәжірибе есту мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамға еркін араласуына мүмкіндік берді. Алдағы уақытта да өнегелі ұстаздар салған сара жол жалғасын тауып, әр баланың кірпіш боп қалануына елеулі еңбектер атқарыла бермек.

 

 

Биыл Ақтөбе облыстық арнайы (түзетім) есту қабілеті бұзылған балалар мектеп-интернат-колледжіне 50 жыл толды. 1968 жылы Ақтөбе облысы, Жайсаң ауылында ашылған мектеп жарты ғасыр ішінде мыңнан аса есту қабілеті бұзылған шәкірттерді үлкен өмірге дайындады.

 

7 желтоқсан күні Қалалық Мəдениет үйінің сахнасында мектептің 50 жылдық мерейтойына арналған "Мерейлі Күншуақ" атты шығармашылық кеш өтті. Мектеп-интернат-колледж ұжымын Ақтөбе облысының білім басқармасы, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Ақтөбе облыстық ұйымы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтобе өңірлік мемлекеттік Университеті, Ақтобе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығы, Халықаралық Педагогика және Инновациялық Технологиялар Ғылым Академиясы, Қалалық Қазақ саңыраулар қоғамы, мектептің ата-аналар комитеті құттықтады. Кеште мектеп өнерпаздары мен түлектері өнер көрсетті, үздік педагогтар марапатталды. 

 

.