Шығармашылық — бұл адамның өмір шындығында өзін-өзі тануға ұмтылуы, ізденуі.
Өмірде дұрыс жол табу үшін адам дұрыс ой түюі, өздігінен сапалы, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйренуі қажет. Адам бойындағы қабілеттерін дамытып, олардың өшуіне жол бермеу, адамның рухани күшін нығайтып, өзін-өзі тануына көмектеседі. Оқушының өз болмысын тануға көмектесіп, қабілетін ояту, жаңа рухани күш беру білімнің ең маңызды мақсаты болып табылады. Әр баланың өзіне тән ерекшелігі мен икемі, қабілеті болады, оны анықтай біліп, алға жетелеу қажет.
Ақтөбе облыстық арнайы (түзетім) есту қабілеті бұзылған балалар мектеп-интернат-колледжі ерекше балалардың шығармашылық қабілеттерін жетілдіріп, өнер түрлеріне баулуда елеулі еңбектер атқаруда. Жеткіншек өнерпаздарға өнер құдіретін сезіндіру арқылы сана-сезімдерін жан-жақты жетілдіруде тәжірибелі педагогтар аянбай еңбек етіп келеді. Солардың бірі – хореограф, халықтық жетекші Майра Хамитовна Умбетова. Оқушылардың өнерге сүйіспеншілігін, өмірге құштарлығын, еңбекке, іскерлікке ынтасын арттыруда жеке тұлғаның қалыптасуына би өнерінің әсері ерекше екендігін ескере отырып, осыдан 15 жыл бұрын есту қабілеті бұзылған балаларды би өнеріне баулу мақсатында «Аяулым» би ансамблін құрды. Осы жылдар ішіндегі тынымсыз ізденіс түбегейлі нәтижелерге жеткізді. Ең алғаш 2005 жылы республикалық «Жұлдызай» балалар шығармашылығы фестивалінің Бас Жүлдесін жеңіп алған сәттен бастап, қызу еңбек, болашаққа деген талпыныс, өнерпаздардың ынтасы арта түсті. Музыканың әр нотасын бүкіл жанымен қабылдап, жүрегімен сезінетін өнерпаздарымыздың қоржыны толық:
- 2015 жылы «Жұлдызай» республикалық балалар шығармашылығы фестивалінде ІІ орын
- 2017 жылы Ұлттық Дельфий ойындарында күміс жүлде
- 2018 жылы қалалық «Жас дарын» би байқауында Бас Жүлде
- 2018 жылы Семейде өткен «Біз біргеміз» халықаралық фестивалінде Бас Жүлде
- 2018 жылы «Майский ветер» халықаралық әскери-патриоттық фестивалінде ІІ орын
- 2018 жылы топ мүшесі Дүйісбаева Гүлжанат Астана қаласында өткен «Қазақстан студенттері Альянсы» Қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған шығармашылық фестивальде І орын иеленді.
Сондай-ақ, қала, облыс көлемінде өтетін мәдени іс-шараларда өнгер көрсетіп, көпшіліктің көзайымына айналған топ облыстық білім басқармасының, Қалалық Қазақ саңыраулар қоғамының, Халықаралық Педагогика және Инновациялық Технологиялар Ғылым Академиясының Алғыс хаттарымен марапатталды.
«Өнер – өнегелі, ақылды адамдарды тәрбиелейтін құрал» - деп В.А.Сухомлинский айтып кеткендей, оқу- тәрбие үрдісінде өнерге баулудың маңыздылығы ерекше. Мектеп-интернат-колледжде жыл сайын оқушылардың ым-ишара тілінде ән айту шеберліктері артып келеді. «Шабыт» тобының құрамындағы 7 «ә» класы оқушылары музыканы жанымен сүйетін, өнерге де, өмірге де құштар жеткіншектер. Тәжірибелі педагог, өз ісінің білікті маманы Мажикова Кенжегүл Қыстаубайқызы жетекшілік ететін «Шабыттың» шабытты өнерпаздары да мектепішілік, мектептен тыс, қалалық іс-шараларға қатысып, үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүр. Топтың жетістіктері мақтануға тұрарлық:
- Топ мүшесі Ерсеріков Ерасыл 2015 жылғы «Жұлдызай» республикалық балалар шығармашылығы фестивалінің ІІІ орын иегері атанды.
- «Шабыт» тобы 2016 ж.,2017ж. «Жұлдызай» балалар шығармашылығы фестивалінің дипломанттары;
- Қалалық «Поющие руки» ым-ишара тілінде ән байқауының І орын иегерлері;
- 2018 ж. «Әлем Талант Stars» байқауының І орын иегерлері
- «Жас Талант» республикалық байқауының ІІІ орын иегерлері
- Топ мүшесі Мұстафин Қайыржан – Халықаралық Педагогика және Инновациялық Технологиялар Ғылым Академиясының «Академия жұлдызы» төсбелгісінің иегері.
«Мүмкіндігі шектеулі оқушылардың өнерге қабілетін ерте жастан анықтап, әр баланың ерекшелігі, есту, қабылдау деңгейін ескере отырып, жүйелі жұмыс жүргізгенде ғана еңбек нәтижелі болмақ» - дейді «Аяулым» хореографиялық тобының жетекшісі М.Х.Умбетова. Түрлі республикалық, халықаралық байқаулардан оза шауып жүрген жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар дүлдүлдеріміз – біздің мақтанышымыз.
Осындай жетістіктер арқылы болашаққа нық қадам басып келе жатқан өнерпаздарымызға және жетекшілеріне толағай табыстар тілейміз. Әрбір бала – бір жұлдыз. Тек олардың биікте жарқырай көрінуіне ықпал жасау – барша педагог қауымның міндеті.
Тулебаева Гүлмира Бараққызы,
Директордың оқу ісі жөнінде орынбасары
https://sch.edu.kz/kz/247/144-r-bala-bir-zh-ldyz.html#sigFreeIda898565636