Өнердің қай саласы болса да адамдарға, өскелең ұрпаққа рухани күш-жігер береді, қуаныш, сүйініш, толқу сезімдерін оятады. Сондықтан болар, халқымыз «өнерліге өріс кең» деп, құдіретті өнердің қанатындағы жастардың алыс армандарға қол жеткізетінін меңзесе керек.

Өнердің басты мақсаты — қандай да бір жетілу, кемелдену үлгісін, беру әрі соған адамды талпындыру, құштар ету деп білсек, мүмкіндігі шектеулі балаларды өнер әлеміне жетелеу – олардың өмір толқынына ілестіріп, барар бағытын айқындау мен жігерлендіру. Ән мен жырды, биді жанына серік еткен жеткіншектің қашанда жүрегі таза, көңілі кіршіксіз. Олардың болашаққа нық қадам басуына сенім ұялатып, жан-жақты жетілдіру – біздің әрқайсымыздың міндетіміз.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасау қажеттігін айта келе, осы жылды "Балалар жылы" деп жариялауына орай, Ақтөбе қалалық қазақ саңыраулар қоғамы Мәдениет Үйі «Өнерге ғашық жүрегім» атты мерекелік кеш өткізді. Нағыз өнер мерекесіне айналған кешке Ақтөбе облыстық есту және көру қабілетінде бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы «мектеп-интернат-колледж» кешенінің кішкентай өнерпаздары да қатысып, шексіз өнерімен көрермендерді тәнті етті. Музыка ырғағына ілесе мың бұрала билеп, ым-ишара тілінде нақышына келтіре ән орындаған нағыз талант иелері көрермендердің ерекше қошеметіне ие болды.

Сахнада олардан асқан бақытты жан жоқ. Шын бақыттың не екенін іштей сезе білетін, жандары сұлу, жүректері таза, көңілдері кіршіксіз жас өнерпаздарға өнер әлемінде сәттілік тілейміз. Алар асуларың көп болсын!