Отбасы - адамзат қоғамының ең шағын бейнесі. Дүниеге келген сәбидің дамуын қамтамасыз етіп, өмір бойы рухани жағынан жетілдіріп, оны тұлға ретінде қалыптастыруда отбасының атқаратын ролі зор. Адамның жақындарына деген сүйіспеншілігі отбасының татулығын нығайтады, сенімділікке бастайды. Жас баланың бойында отбасы мүшелерінің қадір-қасиетінің жоғары екендігін ұғындырудың маңызы ерекше. Қашықтықтан оқыту жағдайында отбасы тәрбиесіндегі ата-ананың маңызды орын алатындығын ескере отырып, отбасы мен мектеп қарым-қатынасын нығайту; оқушы бойына отбасы мүшелері арасындағы бауырмалдылық, қайырымдылық, мейірімділік қасиеттері мен достық қарым-қатынас қалыптастыру мақсатында 2020 жылдың 23-27 қараша аралығында "Ақтөбе облыстық арнайы есту және көру қабілетінде бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы "мектеп-интернат-колледж" кешені" КММ бастауыш класс мұғалімдері әдістемелік бірлестігінің "Отбасы - бақыт мекені" атты апталығы өтті. Апталықтың жоспарына сәйкес бастауыш класс мұғалімдері ашық сабақтар мен кластан тыс шаралар өткізді. Қашықтықтан оқытуға сәйкес түрлі формада әдіс-тәсілдерді пайдалану арқылы қызықты бейнесабақтар дайындалып, мұғалімдер шеберліктерін танытты.