Отбасы – ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы, адам баласының дүниеге келіп, өсіп ержететін, тәрбие алатын қасиетті алтын бесігі. Адам үшін өзінің алтын бесігінен артық жер жоқ. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Отбасының басты қазығы, алтын тіреу діңгегі – бала дейміз. Бала өміріндегі қажетті тәлім-тәрбиенің іргетасы ата-ана арқылы отбасында қаланады. «Отбасында адам бойындағы қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады», -деп Н.Ә.Назарбаев атап өткеніндей, отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі – тәрбиелеушілік болып табылады, оны қоғамдық тәрбиенің ең тиімді деген жүйесі де алмастыра алмайтыны анық. Әр отбасында ата-ананың ролі ерекше маңызды, себебі бала әкеден ақыл, анадай мейірім алады.
15 мамыр - халықаралық отбасы күні. Аталған мерекеге орай «Отбасы сағаты» республикалық акциясы аясында Ақтөбе облыстық арнайы есту және көру қабілеттерінде бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы «мектеп-интернат-колледж» кешенінде отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың отбасы үшін маңыздылығын атап өту, мектеп пен отбасы ынтымақтастығын нығайту мақсатында сыныптарда отбасы сағаттары өткізілді. Тәрбие сабақтары ата-аналармен онлайн-сұхбат, пікірлесу, шебер-кластар түрінде таңдалып, ата-ана және баламен бірге қатысулары қамтамасыз етілді. Шығармашылық қабілеттерін жетілдіру мақсатында өткен шеберлік сабақтары мен флешмобқа оқушылар мен ата-аналар қызығушылықпен қатысты.